Алматыда жүргізуші жантүршігерлік жол апатынан аман қалды

Алматылық жүргізуші рөлде ұйықтап кетіп, жүк көлігінің астына кіріп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатты соққы әсерінен Toyota-ның төбесі кесіліп, санаулы секундта металл үйіндісіне айналды. Жантүршігерлік жол апатынан 40 жастағы автоәуесқой аман қалды. Тіпті ол көліктен ештеңе болмағандай өзгелердің көмегінсіз сыртқа шыққан. Жеңіл-желпі дене жарақатымен шектеліп, дәрігерлік жәрдемнен бас тартқан.

АЛАЯҚТАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Банк қызметкеріміз деп сенімге кірген алаяқтар Степногорск тұрғынын бірнеше кредит алғызып, баспанасын сатуға көндірген. Қаскүнемдер 9 миллионнан аса теңгені заңсыз иелініп алған. Қолға түскен күдіктілер Павлодар облысының тұрғындары боп шықты. Олардан басқа біреулердің атына рәсімделген 25 банк картасы мен 10 ұялы телефон тәркіленді.

БРАКОНЬЕР ҰСТАЛДЫ

Түркістанда 100 келіге жуық балық аулаған браконьер ұсталды. Ол Toyota Camry көлігінің жүк салғышында 97 сазан балығын сақтаған. Полицейлер тергеу жүргізіп, күдіктінің бұған дейін заңсыз балық аулап, мейрамханаларға өткізіп жүргенін анықтады. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

ОҚУШЫНЫ ҚЫЛҒЫНДЫРЫП ТАСТАДЫ

Қостанайда оқушылардың бірі екіншісін қылғындырып, құлатып тастады. Ювеналды полиция қызметкерлерінің айтуынша 9 және 10 жастағы ұл балалар арасында жанжал туындаған. Қылғындыру салдарынан 9 жастағы бала есінен таныды. Ата-аналардың бір-біріне айтар арызы жоқ. Осы оқиға мектептегі арнайы кеңесте қаралады. Жеткіншектермен психологтар, әлеуметтік педагогтер жұмыс істейді.