Семей тұрғыны екі адамның өмірін өрттен құтқарды

«Хабар» агенттігінің қызметкері, блогер Батыржан Ибрагим бұл туралы Instagram парақшасына жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бүгінгі күннің батыры Жамбаев Дәурен Әбінсерікұлы. Ол кеше түнде Семей қаласында болған тілсіз жаудан екі адамның өмірін құтқарып қалды», – деп жазды блогер.

Айта кетейік, кеше Семейдегі «Банзай» кафесі отқа оранған. Үйінің жанындағы өртеніп жатқан дәмхананы көрген Дәурен дереу өрт сөндіру қызметкерлеріне хабарласқан. Құтқарушылар келмес бұрын жедел шешім қабылдапты.

«Жүгіріп барып ішінде адам жоқ па деп кірсем, бір жас жігіт есінен танып құлап қалыпты. Оны далаға алып шығып, алғашқы көмек көрсеттім. Ол есін жиған бетте ішінде тағы адам барын айтты, бірақ өрттің ауқымы кеңейіп барады, жалын бет қаратар емес, терезе жақтан бір шторды жыртып алып ішіне кіріп кеттім, әлгі адам есікті іштен жауып алыпты. Өзім есімнен танып қала жаздап, сыртқа шығып, ғимаратты айналып терезеге кірпіш лақтырып шақтым, екінші адам есін бірден жиғандай болды, оған көмек көрсетіп сыртқа алып шықтым. Ары қарай өрт сөндірушілер келіп өз жұмыстарын атқарды», – деді Дәурен Жамбаев.

Айта кетейік, Даурен Жамбаев бүгінде 5 бала тәрбиеліп отыр. Ол Семей қаласы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының қаржы-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

Сондай-ақ...