Павлодар облысында жеті адамның өліміне байланысты тергеу басталды

26 мамырда олардың белгісіз сұйықтықты қабылдағаны анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Уланудан көз жұмғандарға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Әзірге сұйықтықтың қайдан алынғаны белгісіз. Алынған заттың қалдықтарына да зерттеу жүргізіліп жатыр. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 306-бабы, 3-бөлігі абайсызда адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиға Павлодар облысының Ертіс ауданында болды. Алдымен бір отбасының 3 мүшесі өз үйінде көз жұмған. Кейін олардың қатары тағы 4 адаммен толықты.

Шолпан Меңдібаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– Жеті адам зардап шеккен. Кейін 4 адам Ертіс аудандық ауруханасына жеткізіледі. Олардың біреуі қабылдау бөлмесінде, екеуі жансақтау бөлімшесінде жан тапсырады. Аман қалған біреуі Павлодардағы №3 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген болатын. 29 мамырда ол да қайтыс болды.