Хаменованың ісі сотқа жетті

Пара алды деген күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты қылмыстық іс сотқа жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы «Бір топ адамның алдын ала сөз байласу арқылы пара алуы» бойынша айып тағылып отыр. Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің орынбасары 4 жарым млн теңге көлемінде пара алғаны жөнінде күдікке ілінген еді. Қылмыстық топ Атырауда орнатылуы тиіс Абай ескерткішіне бөлінген 145 млн теңге тендер қаражатынан «сыбаға» дәметкені туралы айтылады.