Ақтөбеде элеваторда ойнап жүрген бала 15 метр биіктен құлады

Оқиға 30 мамырда түнгі 00:00 шамасында болған, деп хабарлайды «Хабар 24» Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Сол күні полицияға Жанқожа батыр көшесіндегі тұрғын үй ауласынан 9 жасар баланың жоғалғаны туралы хабар келіп түскен. Оқиға орнына келген полицейлер баланы көшедегі қараусыз қалған ескі ғимаратта ес-түссіз жатқан жерінде тапты.

«Баланың ескі ғимаратта балалармен ойнап жүріп 15 метр биіктен құлағаны, көптеген дене жарақаттарын алғаны белгілі болды. Ол ауыр халде жансақтау бөліміне жатқызылды», – деп хабарлады Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі. Баланың Ақтөбеге Шалқардан демалысқа келген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы ауыр екенін айтады.

«Баланың жағдайы өте ауыр. Комада өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Қалалық әкімдік қайғылы оқиғадан кейін ғимарат қоршалғанын айтты. Ал тұрғындар бұл ғимарат бірнеше жылдар бойы қараусыз тұрғанын айтып шағымданды.