Семейде есірткінің аса ірі партиясы тәркіленді

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында есірткі заттарын жеткізу және өткізу арнасын жолға қоймақ болған 38 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қылмыс үстінде ұсталған қаскөйдің үйінен 25 келіден астам «марихуана» табылып, тәркіленді. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментіндегілердің айтуынша, ол есірткі затын 335 дана полиэтилен пакетке салып, қала жастарына сату мақсатында дайындаған. Қылмыстық кодекстің 296-бабы, 4-бөлігімен сараланған бұл іс бойынша күдікті сот санкциясымен қамауға алынды.

ҚЫЗЫЛОРДАДА КУӘЛІГІНЕН АЙЫРЫЛСА ДА, КӨЛІК ЖҮРГІЗГЕН

Қызылордада жүргізуші куәлігінен айырылған азамат қайтадан масаң күйде көлік айдап жүрген жерінен қолға түсті. Ол 2019 жылы осындай қылмыс жасағаны үшін 4 жылға көлік басқару құқығынан айырылған еді. Алайда сол әрекеті басына таяқ болып тимегенге ұқсайды. Көлік айып тұрағына қойылып, 41 жастағы қызылордалық уақытша қамап ұстау абақтысына жабылды. Аталған дерек бойынша 346- баптың 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.

ПЕТРОПАВЛДА АЯЛДАМА ШЫНЫСЫН ШАҚҚАН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫ ҰСТАЛДЫ

Петропавл полицейлері автобус аялдамасы павильонының шынысын сындырған 28 жастағы құқық бұзушыны ұстады. Бұл оқиға Қизатов көшесіндегі аялдамада болған. Жас жігіт аталған бейнежазбаны әлеуметтік желіден көргенде қатты ұялғанын айтып, қала тұрғындарының алдында осы қылығы үшін кешірім сұрады.

Құқық бұзушы:

- Жасаған әрекетім үшін қоғам алдында тұрғындардан кешірім сұраймын. Өзім туралы бейнежазбаны көргенде, қатты ұялдым.

Қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес, оған айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ құқық бұзушы шығынның орнын толтыруы тиіс.

Қанат Жұмабаев, қалалық Бірінші полиция бөлімінің бөлімше бастығы:

- Аумақтың маңындағы куәгерлер сұрастырылды, бейнекамералар тексерілді. Соның нәтижесінде қаланың тұрғыны анықталды. Осы тұрғынға қатысты әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша материал жиналып, әкімшілік сотқа жіберілетін болады.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА АДАСҚАН АДАМДАР ТАБЫЛДЫ

Қарағанды облысында Приозерск қаласынан Қаражалға көлікпен аттанып, далада адасып кеткен екі ер адам табылды. Олар мінген автокөлік жарты жолда бұзылып қалған. Сол себепті қос жолаушы Приозерск қаласына жаяу қайтуды ұйғарады. Алайда жер жағдайын дұрыс білмегендіктен иен далада адасып, азып-тозып, әбден қалжыраған. Тіпті, бірі жүруге жарамай, қараусыз қалған ғимаратты паналайды. Абырой болғанда ол батареясы отырып қалған қалта телефонын қысқа уақытқа қосып, құтқару қызметіне хабарлама жіберіп үлгереді. Соның арқасында адасқан екеу табылып, үйлеріне оралды.

НҰР-СҰЛТАНДА СҰЛУЛЫҚ САЛОНЫНЫҢ КАССАСЫНАН АҚША ҰРЛАҒАН

Нұр-Сұлтан қаласында сұлулық салонының кассасынан ақша ұрлаған жігіт қолға түсті.  Ұрының 27 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Ол түс әлетінде Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан салондардың біріне шаш қидыруға келген адам кейпінде кіріп, ешкім жоқ екенін көреді. Артынша тартпаны ашып, ақша салынған әмиянды алып кеткен. «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай ашып, ұрланған қаржыны кәсіпкерге қайтарып берді. Аталған дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталды.

ТАРАЗДА ЗАҒИП ЖАННЫҢ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНЫН ТАРТЫП АЛҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына 58 жастағы жергілікті тұрғыннан саябақтардың бірінде отырған кезінде белгісіз адамның ұялы телефонын ұрлап кеткендігі туралы хабарлама түскен. Күдікті оның көзі көрмейтінін байқап, қолындағы «Редми» маркалы ұялы телефонын жұлып алып, қашып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 67 000 мың теңге. Полицияның жедел әрекет етуі нәтижесінде бұзақы көп ұзамай қолға түсті және оның облыс орталығының 22 жастағы тұрғыны екені анықталды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Айғақ зат иесіне қайтарылды.