Зайсан ауданында 5 үйдің қорасы жанып кетті – ШҚО

Шығыстағы Зайсан ауданының Біржан ауылында өрт шығып, 5 үйдің қорасы жанып кетті. Бір үйдің ас бөлмесі де отқа оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқыс оқиға кеше болды. Түс мезгілінде басталған қызыл жалын 1 мың 537 шаршы метр аумақты шарпыған. Ауыл тұрғындары әуелі жалынды өз күштерімен сөндіруге тырысқан. Алайда шамалары келмепті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жетіп, тілсіз жауды сағат 5-тер шамасында ауыздықтады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Степан Дмитриев, Облыстық ТЖД өрт сөндірушісі:

- Өртті сөндіруге 3 техника мен жеке құрамның 13 адамы жұмылдырылды. Қызыл жалынның шығу себебі нақтыланып жатыр.