Алматыда көлік катализаторын ұрлаумен айналысқан топ ұсталды

Алматыда автокөлік катализаторын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті. Олар соңғы рет Медеу ауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің ауласына қойылған «Тойота Прадо» автокөлігінің шу басқыш бөлшегін шешіп алып кеткен. Қолға түскен қылмыстық топ мүшелерінен темір кесуге арналған құрал-саймандар тәркіленді және олардың қала аумағында жасалған осындай тоғыз ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Ұсталғандар кінәсін толық мойындады. Үшеуі де уақытша қамап ұстау абақтысына жабылды.   

Жамбыл облысында суға кеткен адамның мәйіті табылды 

Жамбыл облысында су арнасына батып кеткен 39 жастағы ер адамның мәйті табылды. Оқиға Шу ауданының Көкжиек ауылы маңында болған. Марқұмның қалай суға кеткенін ешкім білмейді. Ауыл тұрғындары оның киімдерін жағалаудан тауып алған. Екі тәулікке жалғасқан іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің 22 қызметкері жұмылдырылды. 

Денис Охрименко, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Каналдың ені 6, ал тереңдігі 1,5 метр. Іздеу жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін судың берілуін секундына 10 текше метрден 2,5 текше метрге дейін азайтуға мәжбүр болдық. Бұл әрекетіміз жағалауды жіті шолып шығуға мүмкіндік берді.

Таразда қару-жарақ табылды 

Тараздық тәртіп сақшылары қаладағы гараждардың бірінің іргесінде көмулі жатқан қару-жарақтарды тауып алды. Арасында Макаров тапаншасы, тегіс ұңғылы мылтық, дыбыстық граната мен 2 мың дана оқ та бар. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалып, оқиғаның мән-жайы жан-жақты анықталып жатыр.

БҚО-да пәтер тонаушы ұсталды 

Батыс Қазақстан облысының полицейлері Орал қаласының аумағында бірнеше рет қайталанған пәтер тонау қылмысын ашты. Әккі ұрыны ұстауға көшеге орнатылған бейнебақылау камерасынан келіп түскен жазбалардың көп көмегі тиді. 33 жастағы күдікті наурыз айынан бері осындай 4 қылмыс жасағанын мойындады. Ол негізінен пластиктен жасалған терезелерді ашып кіріп, үй ішіндегі алтын бұйымдар мен ақшаны үптеп кетіп отырған. Оның қатысуымен тұрғындарға 2 миллион теңгеден астам шығын келгені анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.