Павлодарда өзенді жүзіп өтпек болған жас ұстаз батып кетті

Қайғылы жағдай 31 мамыр күні болған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Олег Трещев мәлім етті.

- Усолка өзенінде Торайғыров университеті жоғары колледжінің ұстазы суға батып кетті. Ол колледж оқушыларын өзенге апарған. Өзінің суда жақсы жүзетінін көрсетпек болған. Өзенді жүзіп өтемін деп күші жетпей қалған, - деді Олег Трещев.

Спикердің айтуынша, марқұм ұстаз колледждің 1-2 курс студенттеріне далалық-әскери жиын өткізіп жүрген.

- Ол жиын тек колледждің аумағында өтуі керек болған. Алайда ұстаз өзі бастама тастап, өзенге барған. Марқұм 23-24 жастағы жас ұстаз еді, – деді Олег Трещев.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде.