Қарағандылықтар кен орнында қаза болғандармен қоштасты

Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатта қаза тапқан 4 жігіт жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін марқұмдармен қоштасу рәсімі өтті. Оған туған-туыстары, әріптестері, компания басшылары келді. Мерт болғандардың ересегі 58-де болса, ең жасы 34-те. Олар комбинаттағы цехтардың бірінде ескі пешті бұзып жатқанда төбесі опырылып ортасына түскен. Үйіндінің астында қалған 5 адамның біреуі ғана аман қалды. Жансақтау бөліміне түскен 28 жастағы Николай Уржумовтың бүгін жағдайы жақсарып, дәрігерлер оны палатаға ауыстырды.

Биджу Наир, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының бас директоры:

– Қара жамылған отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Біз оларды көмексіз қалдырмаймыз, ол жағынан алаңдамаңыздар. Комиссия жұмысын аяқтаған соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, қандай көмек беретінімізді жариялаймыз. Әзірге айтуға ертерек.