Алматы облысында жол апатынан екі адам көз жұмды

Алматы облысы, Ақсу ауданында болған жол апатынан 2 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға Алматы-Өскемен автожолының 336 шақырымында болған. Toyota Alphard микроавтобусының 35 жастағы жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, LADA Priora көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы қайтыс болды. Микроавтобустағы 8 адам түрлі жарақатпен Талдықорған ауруханасына жатқызылған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды.

Жол-көлік оқиғасы Ақтау қаласында да болды. Абырой болғанда адамдар аман, тек екі адам заржап шекті. Оқиға 14 және 15 шағынаудандар арасындағы жол қиылысында болды. Audi A4 маркалы автокөлігінің жүргізушісі мас күйде көлік басқарып, бағдаршамға соғылған. Салдарынан екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген. Жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданған.

ӨРТЕНГЕН ҮЙДЕН 50 АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Семейде Физкультурная көшесінде орналасқан 9 қабатты үйден өрт шығып, 3 адам зардап шекті. Қызыл жалын 6-қабаттағы пәтердің бірінде тұтанған. Үйдегі жиһаздар мен тұрмыстық техникалар түгелдей жанып кеткен. Өрт сөндірушілер баспалдақпен 2006, 2008 жылғы балаларды түсіріп, ауруханаға жеткізген. Олардың анасы 42 жастағы пәтер иесі балаларын шығарамын деп, денесін күйік шалған. Ол да ауруханаға жатқызылды. Тұрғын үйдегі 50 адам ғимараттан шығарылған. Қызыл жалын 32 шаршы метр аумақты шарпыды. Тілсіз жаумен күресуге 40 қызметкер мен 10 техника жұмылдырылған.

ҚЫМБАТ ТОНДЫ ҚОЛДЫ ҚЫЛДЫ

Шымкенттегі сауда орындарының бірінде әйел адам итальяндық тонды киімінің ішіне салып, ұрлап кеткен. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түскен. Кадрда 3 әйелдің бірлесе тонағаны көрініп тұр. Бірі сатушыны алаңдатқан, қалған екеуі тонды алады. Дүкен иесінің хабарлауынша, тонның құны миллион теңгеден асады. Тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің жеке басы әлі анықталмаған.

ШҚО МАС КҮЙДЕ КӨЛІК БАСҚАРҒАН

Өскемен қаласында мас күйінде көлік тізгіндеген 37 жастағы адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция қызметкерлері түнгі патрульдеу кезінде «ВАЗ» маркалы көлігін  тоқтатқан. Тексеру барысында ер адамда жүргізуші куәлігі болмағаны және 7 жылдан кейін көлік басқара алатыны анықталған. Сонымен қатар орташа дәрежеде мас болған. Автокөлігі арнайы тұраққа жабылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жүргізуші 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.