Екібастұзда көлік қаққан жаяу жүргінші ауыр халде жатыр

Toyota Alphard маркалы көлік ер адамды жаяу жүргіншілер жолағында қаққан, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, 18 маусым күні сағат 06:10-да Екібастұз қаласында Абай-Павлов көшелерінің қиылысында Toyota Alphard маркалы автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі 1975 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Оқиға салдарынан жаяу жүргінші түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шегушінің жағдайы туралы хабарлады.

- Ер адам ояу, бірақ есін білмейді. Психомоторлы қозу байқалады, ол дәрі-дәрмекпен тыныштандырылады. Ер адамға ауыр бас сүйек-ми жарақаты, жабық кеуде жарақаты, контузия мен өкпенің жарақаты, жіліншіктің аралас сынығы диагнозы қойылды, - деді басқармада.

Полиция көліктің айып тұрағына қойылғанын атап өтті. Сараптама тағайындалып, тексеру жүргізілуде.