Атырауда бұралқы иттерді аулауға бөлінген қаржы жымқырылды

Атырау қаласында бұралқы иттерді аулауға бөлінген қаржы жымқырылды.

Қалалық прокуратура жалған құжат жасаған тұлғаларды әшкереледі. Қадағалаушы орган 2019-2021 жылдардағы 311 деректі анықтады. Былтыр ит атуға жауапты мекеме қалалық әкімдікке «17 мыңнан астам бұралқы иттің көзі жойылды» деп ақпарат берген. Бірақ қазір көшедегі жағдайға қарап оған сену қиын. Мысалы, кейінгі алты айда Атырауда балаларды ит қапқаны жайлы 70 дерек тіркелген. Енді қадағалаушы органның пәрменімен әр ауланған ит есепке алынады.     

Ерлан Какиев, қалалық прокуратураның бөлім басшысы:

- Мемлекеттік бюджеттен тиісті қаражат бөлінгеніне қарамастан бұралқы иттердің саны күрт көбейіп кетті. Жалған құжат жасақтау арқылы бұралқы иттерді атуға арналған қаражатты жымқыру орын алды. Мұндай фактілерді болдырмау мақсатында қазіргі уақытта арнайы мобильді топтар құрылды. Іс-шара жоспары бекітілді.