ШҚО-да жүк пойызы рельстен шығып кетті

Шығыс Қазақстан облысында тағы да жүк пойызы рельстен шығып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 22 маусымда Серебрянск қаласының маңында болған. «КөкжиекКүмістау теміржол учаскесінің 95-ші шақырымында жүк пойызының вагондары рельстен шығып кетті. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігі (Жол қозғалысы немесе темір жол көлігін пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», – делінген ақпаратта. Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Зардап шеккен ешкім жоқ. Қазіргі уақытта учаскеде қозғалысты қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр.