ШҚО-да екі жыл бойы ақша бопсалаған күдікті қамауға алынды

Шығыс Қазақстан облысында 54 жастағы азаматтан 2 жыл бойы ақша бопсалап келген күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол жәбірленушіге күш көрсетіп, қорқытқан. Басында 150 мың теңге талап еткен. Кейін  несие рәсімдетіп, бар ақшаны қалтаға басқан.

Үй сатудан түскен табыстың да тең жартысын тартып алыпты. Көнбесе соққыға жығып отырған. Соңғы рет 2 млн теңге алып тұрған жерінде қолға түсті. Екі жыл ішінде 50 млн теңге бопсалаған. Ол енді 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.   

АЛМАТЫДА ТЕЛЕФОН ҰРЛАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Алматыда көлеңкелі бизнестің жолы кесілді. Қылмыстық топ Қазақстанда ұрланған ұялы телефондарды түгел Бішкекке жөнелтіп, орнына Қырғызстанда қолды болған қалта телефондарын  Алматыда сатып келген. Жедел-іздестіру шаралары кезінде тәртіп сақшылары ұрланған 246 телефонды көрші елден тапты. Қазір күдікті қамауға алынды.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ АДАСЫП КЕТКЕН ТАУЫСТЫ ИЕСІНЕ ТАБЫСТАДЫ

Нұртас шағын ауданының тұрғыны экзотикалық құстың үй ауласынан ұшып кеткенін айтып, шағым түсірген. Дереу ізге түскен полиция қызметкерлері құсты шамамен бір сағат ішінде тауып, қожайынына қайтарды.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА КӨЛІК ЖЫЛҚЫҒА СОҚТЫ

Қарағанды маңында қатты жылдамдықпен келе жатқан жеңіл көлік жылқыға соқты. Жануар сол жерде жан тапсырса, машинаның саутамтығы қалмады. Сондай-ақ Теміртауға баратын жолда да жүк көлігі түнде бірнеше жылқыны жайратып тастаған. Әзірге иесі табылмапты.

ОРАЛДА БАЛАНЫ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

Орал қаласында төтенше жағдай қызметінің мамандары 2,5 жасар баланы құтқарды. 8-қабаттағы пәтердің ашық тұрған терезесінен далаға қарап тұрған бүлдіршінді ең әуелі көршілері байқап қалған. Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар шатырдан түсіп, баланы аман алып қалды. Ол үйде жалғыз болған.