Атырау облысында жол апатынан 5 адам мерт болды

Атырау облысында жол апатынан бес адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 26 маусым күні сағат 16:00 шамасында болған.

«Республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолының 31-шақырымы тұсында Toyota Hiluxe және Hyundai Tucson автокөліктері соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Hyundai Tucson​ көлігін​ің 37 жастағы жүргізушісі мен оның 4 жолаушысы оқиға орнында қаза болды. Toyota Hiluxe автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді» деп хабарлады департаменттен.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік апатына жолда жүру ережесін сақтамау себеп болды.

Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.