Алматы облысында жыл басынан бері 14 адам суға кетті

Алматы және Жетісу облысының су айдындарында жыл басынан бері 14 адам суға батып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның тең жартысы жазғы шомылу маусымында болған бақытсыз жағдайлар. Соңғы қайғылы оқиға демалыс күні Қапшағай су қоймасында болды. Сынап бағанасы 40 градусқа дейін жеткен аптап ыстықта аяқ астынан толқын көтеріліп, шомылуға арналмаған жерде суға түсіп жүрген 4 адам батып кетті. 2007, 2010 жылы дүниеге келген екі ағайынды бала суға тұншыға бастаған. Оларды құтқаруға әрекеттенген бір әйел мен ер адам өрімдей жас балалармен бірге сол жерде суға кетті. Мамандар құтқарушылар кезекшілігі ұйымдастырылған орындарда ғана суға түсуге болатынын ескертеді. Қонаев қаласында құтқару мұнараларымен, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қажетті құралдармен жабдықталған 7 жағажай мен 140 жеке демалыс орны бар екенін ескертеміз.