Павлодарда жол апатынан бір адам көз жұмды

Павлодар-Қызылорда тас жолының 25 шақырымында Тойота камри автокөлігі мен КАМАЗ жүк көлігі соқтығысқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан жеңіл автокөлік өртке оранып, 36 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Ал жүргізуші мен тағы бір жолаушы Павлодар қаласының ауруханасына жеткізілді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨЛІК ҰРЛАҒАН ТҰРҒЫН ҰСТАЛДЫ

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны көлік ұрлап, мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған. Жаңақорған аудандық полиция бөліміне түскен шағым бойынша іске кіріскен тәртіп сақшылары 43 жастағы тұрғынды ұстады.  Ұрланған көлік аудан орталығындағы көшелердің бірінен табылған. Ал мас күйдегі жүргізуші көлікті басқара , аударылып қалған.  Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

ШЫМКЕНТТЕ СТУДЕНТТЕР ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАҒАН

Шымкенттегі ЖОО-ның екі студенті есірткі тасымалдаумен айналысқан. Тексеру кезінде олардың қалтасынан  168 түйіншек оралған 6 пакет табылды. Сондай-ақ жалға алынған пәтерден 52 полиэтилен пакет, мефедрон, гашиш табылған. Тергеу барысында күдіктілер есірткіні Шымкент аумағында ғана емес, Түркістан облысында да сатқаны анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 7 ЖАСАР ҚЫЗ СУ ТОЛТЫРАТЫН БӨШКЕГЕ ТҮСІП, ШЫҒА АЛМАЙ ҚАЛҒАН

Туыстары амалы таусылғаннан кейін төтенше жағдайлар қызметінің мамандарына жүгінген. Құтқарушылар арнайы құрылғымен бөшкені кесіп, баланы жарақатсыз алып шыққан. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Мамандар балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды.