Түркістанда із-түзсіз жоғалған жасөспірім қыз Алматыдан табылды

Түркістан облысының полицейлері үйінен шығып кетіп, жоғалған жасөспірім қызды Алматыдан тапты, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

28 маусымда Ордабасы АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда ер адам бір күн алдын таңғы сағат 08:30 шамасында қарындасы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткенін жазған. Жасөспірімнің ағасының өз бетінше іздеуінен еш нәтиже шықпаған соң полиция қызметкерлерінен көмек сұрап келген. Ордабасы АПБ-ның қызметкерлері ақпарат алысымен толық құрамда қызды іздеуге кірісті. Халық көп шоғырланған аймақтарға қыздың суреттері ілініп, аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармаларына, тіпті республика көлемінде полицияларға бағытнамалар жіберілді. Тәртіп сақшылары жоғалған 16 жастағы қызды тез арада табу мақсатында такси жүргізушілерінен, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде полицейлермен бір тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталды. Ол Алматы қаласы саябақтарының бірінде қыдырып жүрген жерінен табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды. Полиция қызметкерлерінің арқасында анықталғандай, жасөспірім қыз анасымен сөзге келіспей, үйінен шығып кеткен. Қызының дін-аман табылғанына қуанған туыстары полицейлерге алғысын білдірді.