БҚО-дағы қос қолынан айырылған балаға кәсіпкерлер көмектеседі

Батыс Қазақстан облысында абайсызда трансформаторды ұстап, қос қолынан айырылып қалған балаға кәсіпкерлер көмектесетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы жеткіншектің туысқандары хабарлады. Протез дайындайтын компания өкілдері Аманжолға қызмет түрін тегін ұсынады. Алдымен ол Нұр-Сұлтан немесе Самара қалаларындағы клиникада оңалту курсынан өтуі қажет. Кейін протез көлемі өлшеніп, алты ай мерзім ішінде жасалады. Сонымен қатар алматылық кәсіпкер бұл отбасыға Оралдан екі бөлмелі пәтер сыйламақ. Енді балақай ауруханадан шыққан соң жаңа баспанаға орналасады.

Дәрігерлердің айтуынша, жеткіншектің жағдайы ақырындап жақсарып келеді.