Қарағанды облысында жол апатынан екі адам қаза болып, жеті бала зардап шекті

Қарағанды облысының Нұра ауданында жол апатынан екі адам опат болып, 7 бала зардап шекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жараспай-Нұра жолында екі жеңіл көлік бетпе-бет соғысқан.  Хонда Одиссей көлігін тізгіндеген 58 жастағы азамат қарсы жолға шығып кетіп, Фольксваген Гольф көлігін соққан. Оның ішінде 10 жолаушы болған. 37 және 33 жастағы ерлі зайыпты мен олардың 7 баласы және әйелдің 19 жастағы інісі ауруханаға жеткізілді.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ПД ресми өкілі:

- Аталған факті полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша нақты шешім қабылданатын болады. Айта кету керек, жыл басынан бастап жүргізушілердің жол жүру ережелерін өрескел бұзуы, жолдың қарсы бағытына шығуы, сондай-ақ жылдамдықты шектен тыс асыру салдарынан 171 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 51 адам қаза тапты. Сондықтан полиция департаменті жүргізушілерден қарапайым жол жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.