«Бомба қойылды»: Алматыдағы ірі сауда орталығының қызметкерлері эвакуацияланды

Алматыда «МОСКВА Метрополитен» сауда орталығының қызметкерлері мен келушілері «бомба қойылды» деген ақпаратқа байланысты эвакуацияланды.

Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Zakon.kz хабарлайды. Полицияға хабарлама 4 шілде күні сағат 10:04-те түскен.

«Мұндай хабарламаларға бірінші кезекте жауап беру алгоритмі аясында алғашқы кезекте келушілер мен орталық қызметкерлері эвакуацияланды, жол полициясы бөлімшелері көліктерді осы нысанға іргелес жатқан жолдан алыстатуда», – делінген Алматы ПД баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

ТЖД Жедел бақылау орталығы тексеру жұмыстарының аяқталып қойғанын, «бомба» туралы ақпарат жалған болып шыққанын түсіндірді.

Алматы полициясы тұрғындарды үрейленбеуге, сабырлы болуға және қалада жүргізіліп жатқан қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырды.