Павлодарда 12 жасар жеткіншекті көлік қағып кетті

Жол-көлік оқиғасы Катаев көшесінде орын алған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департменті баспасөз  қызметінің мәліметінше, 3 шілде күні сағат 22:30-да «Volvo» автокөлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті.

- Салдарынан жаяу жүргінші облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жол-көлік оқиғаларының барлығы көлік құралдары жүргізушілерінің кінәсінен орын алады. Көбі жол қозғалысы ережелері мен қарапайым қауіпсіздік шараларын елемей, жол ережесін өрескел бұзады. Нәтижесінде мұның бәрі қайғылы жағдайға әкеледі, - дейді департаментте. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 2010 жылы туған  жасөспірім травматология бөліміне жатқызылғанын хабарлады. 

- Бас миының жабық жарақаты, оң жақ жамбас буынының көгеруі тіркелді. Толық көлемде ем тағайындалып, бақылауға алынды. Жағдайы орташа  тұрақты деп бағаланады, - дейді басқармада.  

Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бастап Павлодар қаласының аумағында 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 161 адам зардап шекті және алты адам қайтыс болды.