Ұлытау облысында жол апатынан үш адам мерт болды

Қарағанды-Жезқазған  тас жолының бойында «Мерседес-Бенс» пен «Шевроле Кобальт» автокөліктері соқтығысқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан екі жүргізуші, Мерседес көлігінде болған жолаушы оқиға орынында көз жұмды. Ал екінші көліктегі жүргізушінің жұбайы мен екі баласы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Бастапқы болжам бойынша Мерседес жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзған. Нақты анықтау үшін сараптамалар тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

ШҚО-ДА ЕСІРТКІ ТАРАТҚАН ТОП ҰСТАЛДЫ  

Өскеменде белгіленген орындарда қалдыру арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Он бір адамнан тұратын топ барынша сақтық жасап, түрлі айла амалдарға барған. Тікелей байланысқа шықпай, әлеуметтік желі арқылы есірткі тастап кететін орындарды тағайындап отырған. Киімдерін жиі ауыстырып, жасанды шаш пайдаланған. Дәлел базасын жинау үшін полиция қызметкерлеріне  апталап аңдуға тура келіпті. Нәтижесінде топ мүшелерінің барлығы нақты айғақпен қолға түсті. Олардан 220 дозадан астам синтетикалық есірткі және «экстази» деп аталатын 80 таблетка тәркіленді. Бұл қылмыстары үшін күдіктілер 10 жылдан 15 жылға дейін  бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

КӨКШЕТАУЛЫҚ БІР ТҮНДЕ ҮШ ҰРЛЫҚ ЖАСАҒАН    

Көкшетаудағы полицияның кезекші бөліміне таңғы сағат төрт кездерінде «Ваз» автокөлігінен  30 мың тенгенің жеке мүлкі ұрланғандығы туралы хабар келіп түскен. Біршама уақыттан кейін тағы бір тұрғын хабарласып, құны 64 мың тенге  «Фокус» маркалы велосипеді қолды болғандығын айтқан. Оны подьезден алып кетіпті. Одан кейін белгісіз біреу «Фольксфаген Пассат» автокөлігінің терезесін сындырып, күн көзілдірігін жымқырып кеткен. Бейнебақылау камераларының жазбаларына жүргізілген мониторинг нәтижесінде күдікті анықталып, көп ұзамай қолға түсті. Ол 35 жастағы Зеренді ауданының тұрғыны болып шықты. Үш ұрлықты да жасаған сол екен. Тергеу барысында ер адамның бұдан бұрында осындай қылмыстары үшін бірнеше рет сотталғаны мәлім болды. 

СЕМЕЙДЕ ҮШ ЖАСАР БАЛА СЕГІЗІНШІ ҚАБАТТАН ҚҰЛАДЫ

Семей қаласында үш жасар бала сегізінші қабаттан құлады. Оқиға түскі сағат бір кезінде болған. Бөлмеде болған анасы кіші баласын тамақтандырып отырып, байқамай қалса керек. Сәби өз бетімен ашық тұрған терезенің жақтауына шығып, құлап кеткен. Қазір ол ауыр жағдайда ауруханада жатыр.