ШҚО-да шомылу маусымы басталғалы 15 адам суға кеткен

ШҚО-да шомылу маусымы басталғалы 15 адам суға кеткен

Шығыс Қазақстан облысындағы жағажайларда жазатайым жағдай жиілеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы бері 15 адам суға кеткен. Оның екеуі – бала. Бұдан бөлек құтқарушылар 11 адамды ажал аузынан аман алып қалған. Мамандардың мәліметінше, қайғылы жағдайдың көбі шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде болған.

ТӨЛЕМ ТЕРМИНАЛДАРЫН ҰРЛАП КЕТКЕН

Қызылорда қаласында дәріханалардан төлем терминалдары ұрланған. Кәсіпкерлік нысан иесі полицейлерге үш бірдей жабдығы жоғалғанын айтып, арыз жазған. Бейнебақылау камералары көрсеткендей, ұры терминалдарды өзі алып шықпаған. Ол ғимарат қызметкерін алдап, құрылғыны көтеруге жәрдемдесуді өтінген екен. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шарасы нәтижесінде 31 жастағы күдіктіні ұстады. Ол – Түркістан облысының тұрғыны. Өзге де мән-жай анықталып жатыр.

ЕКІ ҚАПШЫҚ ҚАРАСОРА

«Түрксіб» станциясында полиция қызметкерлері ВАЗ-2106 маркалы көліктің жүксалғышынан екі қапшық қарасора тапты. Жүргізушінің айтуынша, оны жолаушылар Луговой ауылына жеткізу үшін жалдаған. Күдікті ретінде екі адам Жамбыл облысының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Шымкенттік полицейлер де есірткі тасымалының жолын кесті. Басқармаға әл-Фараби – Ташкент тас жолының бойында әлдекім еліткіш зат алып жүргені туралы хабарлама келіп түскен. Сол мәліметке сәйкес тәртіп сақшылары күдікті ер адамды ұстады. Тексеру кезінде оның сөмкесінен синтетикалық есірткі мен пышақ табылды. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

КӘСІПОРЫННАН ӨРТ ШЫҚТЫ

Семей қаласының бір бөлігін қою түтін басты. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Дальний ықшам ауданындағы резеңке баллон қабылдайтын кәсіпорыннан шыққан. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген. Құтқарушылар өртті сөндірді. Шығу себептері мен шығын көлемі анықталып жатыр.