Жол апаты. Павлодар облысында бұрынғы әкім сотта жеңіске жетті

Жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші екі жыл бойы көлік жүргізе алмайтын болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

14 ақпанда Екібастұз қалалық сотында Павлодар – Қызылорда тас жолында болған апат бойынша қылмыстық іс қаралған болатын.

Екібастұз ауылдық аймағының 45 жастағы тұрғыны Қуат Бұламбаевқа жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 345-бап бойынша айып тағылды.

Іс материалдарында Lexus LX 470 жүргізушісі Қуат Бұламбаев жолай келе жатқан басқа «Лексусқа-LX 570» көлігіне жол бермегені айтылады. Екінші автокөлікте Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов отырған. Соққыдан оның көлігі жолдың оң жақ жолағымен келе жатқан «ГАЗельге» соғылған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан Lexus LX 570 жолаушысы Болат Бақауов жабық сынық алған. Мамандар оның денсаулығына орташа ауыр дәрежеде зиян келтірілген деп санайды.

Татуласуға келісім бермеген экс-әкім Қуат Бұламбаевқа азаматтық талап қойды. Бұрынғы шенеунік моральдық зиян үшін өтемақы  ретінде үш миллион теңге талап етті. Сот ісінде зардап шеккен адамның жол апаты орнынан бейнежазбаның БАҚ пен әлеуметтік желілерде таралуы салдарынан жағымсыз сәттерді өткергені айтылған.

Нәтижесінде Қуат Бұламбаевқа жол ережесін бұзғаны үшін 91 890 теңге айыппұл салынып, екі жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұл ретте экс-әкімнің сотта өтемақы төлеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Кінәліден 300 мың теңге өндіріп алынды.

– Сот келтірілген моральдық зиян үшін жауап беретін некеде тұрған, асырауында жас балалары бар  Бұламбаевтың мүліктік жағдайын назарға алды. <..> сот моральдық зиянды өтеу туралы талап арызды ішінара қанағаттандырып, мәлімделген моральдық зиянның мөлшерін 300 мың теңгеге дейін азайту керек деген қорытындыға келді, – делінген үкімде.

Еске сала кетейік, болған жайттан кейін Болат Бақауов Pavlodarnews.kz журналистіне тас жол бойымен қозғалыс кезінде екінші «Лексустың» жүргізушісі бұрылыс сигналын қоспай, оны басып озғанын және жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кеткенін айтқан болатын.

Сотта айыпталушының әйелі олардың қызы көлікте бірге болғанын және қызды дәрігерге көрсету керек болғанын және  кейін олар апат болған жерге оралғанын түсіндірді.