Ақтөбеде жаяу қалған жүргізушілер наразы: техникалық жөндеу орталығындағы жарылыс салдары

Түрлі тауар тасымалдап нәпақа тауып, кәсіпкерлікті игерген Кәмшат Қанафина ақпан айынан бері тапқанымнан шығыным көп дейді. Несие рәсімдеп 8 млн теңгеге сатып алған жүк көлігі бір күн ішінде күлге айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алыс жолға шығатын Газель автомашинасын техникалық байқаудан өткізуге арнайы бекетке қалдырған. Алайда сол түні жарылыс болып, ғимарат толығымен опырылып түсті. Салдарынан кәсіпкердің мүлкі сол маңдағы 11 көлікпен бірге қирап қалған.

Кәмшат Қанафина, жәбірленуші:

- Одан бері жарты жыл өтті. Ешқандай, ешкім алдымызға шыққан жоқ. ешкім шешімді жалғастырып жатқан жоқ. Кеткен дүниені береміз, қоямыз деп жатқан адам жоқ. Қожайынның түрін көрген де емеспіз. Несиеге алған соң айына 126 мың ақша төлейміз. Машина жоқ. Қалай төлейтінімізді білмейміз енді.

Оқыс оқиға салдарынан жаяу қалған жүргізушінің бірі Абат Еркінбек те айына 170 мың теңге несие төлеуге мәжбүр. 16 млн теңгеге сатып алған жол талғамайтын көлігін сарапшылар 14 млн 300 мың теңгеге бағалаған. Бірақ бұл ақшаны да қашан қайтатынын білмейді. Техникалық қызмет көрсету станциясындағылар зардап шеккен жандар төбе көрсетсе есіктерін тарс жауып, тілдесуге құлықсыз.

Абат Еркінбек, жәбірленуші:

- Шеберге тапсырдым. Келесі күні түнде взрыв болды. Сол жарылыстан бізге хабар берген жоқ. Өзіміз өтіп бара жатып көрдік. СТО-дан ешкім хабарласқан да жоқ. милициялар да звондаған жоқ. Машинам жарамсыз. Ешқандай востановлениеге келмейді.

Жаяу қалған жүргізушілердің шығыны қашан өтелетіндігін облыстық полиция департаменті өкілдері де айта алмады. Құзырлы мекеменің баспасөз хатшысы істің тергеліп жатқандығын ғана айтты.

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- ҚР ҚК 292 бабы 2 бөлігі бойынша қылмыстық іс өндірісте. Барлық қажет тергеу шаралары жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Автокөлік жөндеу станциясындағы жарылыста бір адам қаза болған еді. Қираған ғимараттың үйінділері астынан 68 жастағы күзетшісінің мәйіті табылды. Құтқарушылар сол кезде пропан газының ауаға таралуынан деп топшылаған. Нақты себебін тергеу анықтауы тиіс. Алайда жарты жылға жуық уақыт өткенімен тексеру тәмәм болар емес.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев