Банк қызметкері зейнеткердің депозитінен 6 млн теңге ұрлады – елорда

Зейнеткердің депозиттегі 6 млн теңгесін ұрлаған банк қызметкері ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті хабарлады.

«Елорда тұрғыны депозиттегі ақшасының жоғалғаны туралы шағыммен полицияға жүгінді. Қарт адам депозитке 2018 жылы салғанымен, ұзақ уақыт бойы кәдеге жаратпаған қаражатын шешіп алу үшін банкке келген. Бірақ банккке келген кезде шотында жинақ ақшасының жоқ екенін білген. Мән-жайды анықтау үшін ол полицияға жүгінді», – деп атап өтеді департаменттен. Осыдан кейін жедел-іздестіру іс-шаралары қолға алынған Есіл аудандық полиция басқармасының қылмыстық полиция бөлімі қызметкерлері шоттағы қаражаттың жоғалуына банк қызеткерінің қатысы барын анықтады. Банк қызметкері зардап шегушінің шотына кіру мүмкіндігін пайдаланып, ақшаны досына аударған. Кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған. Күдікті ақшаны өз қажетіне жаратып жіберген. «Полиция қызметкерлері тәулік ішінде қаскүнемді анықтап, қолға түсірді. 23 жастағы күдіктінің үстінен «ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған күдікті кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында жасалған дәл осындай қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр», – деді ведомстводан.