Ақтөбе облысында жарылыстан газ станциясы өртеніп кетті

Ақтөбе облысының Алға қаласында болған жарылыстан газ құю станциясы толығымен өртеніп кетті.

Сол маңда тұрған екі арнаулы автокөлік зақымданып, бір жеңіл автомобиль жойылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары техника кімдікі екендігін анықтау әзірге мүмкін емес дейді. Себебі мемлекеттік тіркеу номерлеріне дейін балқып кеткен.

Естеріңізге сала кетсек, кеше кешкілік газ толтыру станциясында жарылыс болып, соңы өртке ұласқан еді.

Құтқарушылардың айтуынша, жұмысшылар дер кезінде қашып үлгірген. Адам шығыны жоқ. Ал бекеттің ғимараты мен жанармай толы резервуары жарамсыз боп қалған.

Арман Қадыров, облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің бастығы:

- Көлемі он текше метрлік екі, 46 және 54 текше метрлік резервуарлар орнатылған. Олардың екеуін жарылып, ішіндегі сұйылтылған газ толықтай өртеніп кетті. Қалған екі резервуарға жалынды жақындатпай, үлкен жарылыстың алдын алдық. Өрт оператор ғимараты мен бағаналарды жойды. Қазір тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр. Жарылыстың себебі тексеру аяқталған соң белгілі болады.