Петропавлда зейнеткерді тонап кеткен күдікті ұсталды

Петропавлда зейнеткерді тонап кеткен күдікті ұсталды

73 жастағы азамат «102» нөміріне қоңырау шалып, белгісіз біреу оның сөмкесін жұлып әкеткені туралы шағым түсірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жәбірленушінің көзі нашар көретіндіктен сезіктіні сипаттай алмады. Оқиға болған аумақта орналасқан бейне камералар қылмыстың ашылуына септігін тигізді. Келесі күні дәл сол күдікті азық-түлік дүкенінің кассасынан 250 мың теңгені ұрлаған. Ол қамауға алынып, өз кінәсін мойындады.

Мейрам Сәрсенбаев, қалалық бірінші полиция бөлімінің қызметкері:

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1982 жылы туған Петропавл қаласының тұрғыны анықталып ұсталды. Кінәсі қылмыстық істегі материалдарымен дәлелденіп, заттай дәлелдемелер қылмыстық іс материалдарына қосылды.

ҚЫСҚА ЖИНАҒАН ШӨП ӨРТЕНІП КЕТТІ

Батыс Қазақстан облысында 2405 рулон шөп өртеніп кетті. Төтенше жағдай Теректі ауданына қарасты Богдановка ауылындағы қожалықтардың бірінде болған. Оқиға орнына жеткен құтықарушылар өртті үш сағатта сөндірді. Қазір шығын көлемі анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша біреу қасақана өрт қойған болуы мүмкін.

ЕСІРТКІ ӨСІРУМЕН АЙНАЛЫСҚАН

Қызылорда облысында 4116 түп сора еккен тұрғын ұстады. 37 жастағы азамат Шиелі ауданына қарасты Жуантөбе ауылынан оңтүстік батысқа қарай 45 шақырым жердегі шеңгел мен сексеуіл арасында сора өсірген. Қауіпсіздік мақсатында алқапқа жақын жатқан аймақтардағы жолдың барлығына арнайы жасалған 50 дана темір кедергі тастаған. Полицейлер оқиға орнынан кептірілген марихуана мен түрлі жабдықтар тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес заттай дәлелдеме ретінде алынған өсімдіктің жалпы салмағы 34 келі. Ал алынған есірткі заты 696 грамм кептірілген марихуана екендігі белгілі болды. Сезікті қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.

ЕСІРТКІ САУДАЛАҒАН

Ақтөбеде де есірткі саудасына қатысы бар деген күдікті қолға түсті. 48 жастағы азаматты тәртіп сақшылары жедел іс-шара кезінде ұстады. Одан өсімдік тектес зат пен ерекше иісі бар, салмағы 2 келіден асатын 1 орама табылды. Жалдамалы пәтерін тінту кезінде осыған ұқсас заттар анықталды. Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат жалпы салмағы 4 келіден асатын марихуана болып шықты. Сондай-ақ ұсталған адамның өзі де есірткі пайдаланған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жалпы ағымдағы жылдың 6 айында облыста 158 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Тәркіленген және заңсыз айналымға жіберілмеген есірткінің салмағы 24 келіден асады.