Ақтөбеде кісі өлтіргенін мойындаған жігіт айтқанынан айныды

Ақтөбеде сүйіктісінің анасын өлтірдім деп, ауыр қылмысты мойнына алған 18 жастағы колледж оқушысы енді бұған дейін айтқанынан айнып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айыпталушы «марқұмға бірнеше мәрте пышақ сұққан туған қызы» дейді. Ақтөбеде бүгін атышулы дерекке қатысты сот жалғасын тапты.

Естеріңізге сала кетсек, сәуір айында полицейлер 16 жастағы оқушы қыз бен оның кәмелетке енді толған жігітін «адам өлтірді» деп тұтқындаған болатын. Алайда бұған дейін айыпталушы жігіт қылмысты тек өзім ғана жасадым деген еді. Бүгін өткен кезекті сот тергеуінде жанжалдың соңы төбелеске ұласқандығы белгілі болды. Ішімдік ішкен әйел пышақ ала жүгіріп, қоқан-лоққы көрсеткен. Жігіт оның қолындағы суық қаруын қағып, сабасына түсіру үшін буындыра бастаған. Сол кезде қасында тұрған қыз баладан көмек сұрапты. Айыпталушы жігіт «өлтіру ойда болған жоқ, тек арашаға түс дегендей ишарат еттім» дейді. Бірақ сол маңда жатқан пышақты жүрек тұсына бірнеше мәрте сұққан марқұмның туған қызы деп отыр. Тараптар енді оқушы қыздың жауабын тыңдайды.