Текеліде мектеп директоры 16 ағашты кестіртіп тастады

Текеліде мектеп директоры 16 ағашты кестіртіп тастады

Текелі қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп директоры өзі басқаратын білім ошағының ауласында өсіп тұрған 16 самырсын ағашын еш рұқсатсыз кестіріп тастады.

Жас қарағайлардың баудай түсіп, құлап жатқанын көрген тұрғындар бұған өз наразылығын білдірді. Мектеп директорының бұған қарсы айтар өз уәжі бар.

«Ол ағаштар оқушылардың үстіне құлап кетуі мүмкін еді. Балалардың, мектеп ұжымының қауіпсіздігін ойладым. Кесілген ағаштардың орнына алдағы күзде жас талдар егіледі. Кінәлі болсам, заң алдында жауап беруге әзірмін», - деді ол.

Николай Костюк, қала тұрғыны:

- Ертең оқушылар мектепке келгенде оларға не айтады? Беттеріне қалай қарайды? Түсінбеймін! Ешбір рұқсат қағазынсыз 16 жас балқарағайды құлатып тастады. Өткен жылы 30 ағашты кестірді. Сондықтан мектеп директоры тек әкімшілік жазамен құтылып кетпеуі керек. Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс!

Жанар Жақыпбекова, мектеп директоры:

- Әрине обал. Кінәмді мойындаймын. Бірақ мен ең бірінші осы мектепте мыңнан аса бала оқиды. 30 кішкентай бүлдіршініміз балабақшада осы жерде бар. 100-ден аса қызметкер бар. Балалар осы мектептің ауласында жүгіріп жүреді. Мен бұл жерде ағаштарды ойламай, балалардың, мектеп қызметкерлерінің қауіпсіздігін көбірек ойладым. Ал енді жағдай былай болғаннан кейін біз қара күзде көп, 10 есе қылып егуді жоспарлап отырмыз.