Атырауда белгісіз біреу журналисті ұрып кетті

Атырауда жергілікті ақпарат порталының тілшісі Олеся Вертинскаяны белгісіз біреу соққыға жыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары корреспонденттің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасаған бұзақыларды іздестіріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Бұл жағдайға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров та әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, журналисттің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Күні кеше үйінің алдында белгісіз ер адам журналистен көмек сұрап алдап, кейін оны соққыға жыққан. Өтіп бара жатқан куәгер арашалап қалыпты. Ауруханаға барғаннан кейін мұрны сынғаны белгілі болды. Осыдан аз уақыт бұрын әйелге белгісіз номерден қоңырау шалып, қорқытқан.

Олеся Вертинская, зардап шегуші:

Өзінің қозғалысы біртүрлі болды. Қалтасында пышағы бар шығар деп қарай бергенімде мұрнымнан бір соқты. Мен шыңғырдым ол жерде. Көшеде болып жатқан нәрсені бір кісі естіп қалады, анау қашады. Сосын мен тұрамын қан-қан болып, үйге барамын да балама жедел жәрдем шақыр деп айтамын. Жедел жәрдем келіп, мені алып кетеді ауруханаға.

«Журналист жұмысына кедергі келтіру заңмен қудаланады. Мұны жай қалдыруға болмайды», – дейді белгілі заңгер Марат Башимов.

Марат Башимов, заңгер:

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды жоғары деңгейде қорғау керек. Әкімшілік, қылмыстық, азаматтық жауапкершілік бар. Журналистке біреу қолын көтерсе, бүкіл дүние жүзі айыптайды. Журналист ең белгілі мамандық. Оның бірінші мақсаты азаматтардың құқығын қорғау.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабы сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров фейсбуктегі парақшасында жазды.

« Құқық қорғау органдары үшін құқық бұзушыны табу және журналист Олеся Вертинскаяға қатысты шабуыл және қауіп-қатер фактілері бойынша оған тиісті шаралар қабылдау абырой ісіне айналатынына сенімдімін. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі О.Вертинскаяның құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірудің ашықтығын қамтамасыз ету және оған жол бермеу мақсатында өз құзыреті шегінде оқиғалардың барысын мұқият қадағалайтын болады. Жалпы біз журналистерді кәсіби міндеттерін орындау кезінде қорқыту және оларға шабуыл жасау әрекеттерін қолайсыз деп санаймыз. Әріптесіміз Олесяның тезірек сауығып кетуін тілейміз».

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев