Елордада маркетингтік компания атын жамылған қаржы пирамидасы әшкере болды

Елордада маркетингтік компания атын жамылған қаржы пирамидасының жолы кесілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құзырлы органдар «World Business Consulting» мекемесінің ісін тергеп жатыр. Әзірге түрлі сипаттағы инвестициялық бағдарлама келісімдерін жасап, ойдан шығарылған жобаларға қаражат салуды ұсынған тұлғалар анықталды. Ұйым өзін портфельдік инвестиция және қаржылық кеңес ұсынатын халықаралық аналитикалық компания ретінде таныстырған.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

– Департаментте қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері тергеу мүддесі аясында жария етілуге жатпайды. ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады.