Павлодар облысында күшті жел тұрғын үйлер мен нысандардың шатырын ұшырып әкетті

Желдің екпіні Алакөл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінің, Петропавловка ауылындағы мектептің және жеке тұрғын үйлердің шатырларын ұшырған.

«21 шілде күні сағат 23:50-де Железин ауданының Алакөл ауылында Ленин көшесі 9 мекенжайы бойынша қатты желдің салдарынан («Қазгидромет» РМК деректері бойынша екпіні 16 м/с-қа жеткен) жалпы ауданы 187 шаршы метрде фельдшерлік-акушерлік пунктінің бір қабатты ғимаратының шатыры бұзылғаны туралы ақпарат келіп түскен», – деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Петропавловка ауылының Степная көшесі 15 мекен жайында орналасқан Буденовка негізгі жалпы білім беретін мектебінде 50 шаршы метр алаңдағы ғимарат шатыры ішінара бұзылған. «21 шілде күні сағат 19:00-де төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның жоспардан тыс жедел отырысы өтті. Онда қолайсыз ауа райы жағдайларының салдарларын жою, сондай-ақ зардап шеккен ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру мәселелері қаралды», – деп атап өтті ведомстводан. Жеке тұрғын үйлердің шатырлары жартылай зақымдалған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.