Ақтауда балалардың қылығы тұрғындарды шошытты

Ақтауда көп қабатты үйдің терезе жақтауымен жүріп ойнаған балалардың ата-анасына әкімшілік жаза қолданылды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше баланың оныншы қабаттағы пәтердің терезесінен шығып, келесісіне жүгіріп кіргені әлеуметтік желіде жарияланған болатын. Жеткіншектердің қылығы қала тұрғындарын шошытып жіберді. Кейін бұл жайтқа ювеналды полиция қызметкерлері назар аударып, олардың ата-анасын тапқан. Анықталғандай, көп қабатты тұрғын үй – Ақтаудағы зәулім ғимараттың бірі.

Жаннұр Таңатарова, облыстық ПД ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

– Балалардың ата-анасына қатысты ҚР әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасақталды. Кәмелетке толмағандармен, сондай-ақ олардың ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.