476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Субсидия алаяқтардың азығы ма?

  • 169
  • UPD: 22:20, 27.07.2022

Табысын арттырмақ болған шымкенттік кәсіпкер сот залынан бір-ақ шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір қарағанда оқиға тым қарапайым: жеке кәсіпкер асыл тұқымды қой сатып алу үшін мемлекеттен субсидия алуға өтінім береді. Құжатта 13 жарым млн теңге сомасындағы жемге жұмсалатын шығындарын өтеуді сұрайды. Алайда қолға тиген қаржыны ол өз қарыздарын жабуға жұмсайды. Сөйтіп, бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша іске ілігіп, жаза арқалады. Тергеу екі жылға созылды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Сотқа дейінгі тергеу барысында асыл тұқымды қойлар сатып алынбағаны анықталды. Бюджет қаражаты жеке мақсатқа пайдаланылған. Келтірілген шығын толық өтелді. Сот шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады.

Өкініштісі, дәл осындай жағдайлар елде қайталанып келеді. Бюджет қаржысын тиісінше пайдаланбау айлакерлердің тұрақты табысына айналғандай. Мемлекет қаражаты желге ұшқан нақты деректерді ауыл шаруашылығы министрлігі растап отыр. Айтуларынша, бұл әрекеттерде алаяқтардың ізі басым.

Дамир Егізбаев, ҚР АШМ баспасөз хатшысы:

- Жалған жеке кәсіпкерлер су сорғыларына арналған арзан күн тақталарын салып алған. Кейде оларды мүлдем орнатпай, жалған актімен қаржы алып отырған. Құдықтарға қатысты да солай: бұрғыланбаған жерге акті жасалған. Алайда, субсидия алу үшін өтінімдер шаруалардың цифрлық қолтаңбалары арқылы берілген.

Субсидиялау ережелерін өзгерту қажет. Жемқорлыққа қарсы қызмет тексерісінің нәтижесі осыны байқатты. Қылмыстық істердің 30 пайыздан астамы инвестициялық субсидия қаражатын жымқыруға қатысты екені анықталды.

Арман Тлеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі:

- Ақпараттық жүйелердің кемшін тұстары байқалады. Бұл түрлі қылмыстарға жол ашады. Мысалы, мал шаруашылығы саласында асыл тұқымды ірі қараның белгішесі мен жасын өзгертіп, шетел асырған. Тағы бір мысал,  бұзаудың жасын үлкейтіп көрсетіп, қосымша субсидия алған. Бұндай жағдайлар жетіп артылады. Әр бағытпен тыңғылықты жұмыс жасалса, жемқорлық тәуекелдерін азайтар еді.

Жемқорлықпен күрестің тиімді жолы ондағы адами факторды болдырмау. Сонда «бармақ басты, көз қыстының» алдын алармыз мүмкін. Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйесі де осыны көздейді. Портал шілде айынан бастап іске қосылып та үлгерді. Енді өтінімдер кезек санымен делдалсыз іріктелмек.

Авторлары: Рухани Асқар, Гүлдана Қален

Хабар 24 телеарнасы