Ақтөбе облысында жол апатынан 3 адам қаза тапты

Ақтөбе облысында жол апаты болды. Қарабұтақ – Қостанай тас жолында жеңіл автокөлік қарсы бағытқа шығып кетіп, Газель автомобиліне соқтығысқан. Сол жерде 3 адам қаза болды. Арасында 1 жастағы сәби де бар.

Тәртіп сақшылары облыста жол-көлік апаты жиілеп бара жатқанына алаңдаулы. Жаз басталғалы бері 120 дерек тіркелген. Жол апатынан 25 адам қаза болып, 168-і түрлі жарақат алған. Кәмелет жасына толмаған 6 бала көз жұмды.

Абай Жүсіпов, облыстық ПД басшысы:

- Жол-көлік оқиғаларының басты себептері жүргізушілеріміздің жол қозғалыс ережелерінің сақтамауы. Қарсы қозғалыс жолағына шығу себебінен 11 апат болды. Онда 7 адам қаза тапса, 26 адам дене жарақатын алды. Жылдамдық режимін шамадан тыс арттыру себебінен 142 дерек тіркеліп, 32 адам көз жұмса, 204 адам дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді.