Көкшетауда тұрғындар нөсердің салдарымен күресіп жатыр

Көкшетаулықтар түнде болған нөсер салдарымен күресіп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, қалада бірқатар көпқабатты үй ауласын, 20 шақты жер үй мен олардың қора-жайларын су басқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ жауыннан ғимараттардың төменгі қабатында орналасқан бизнес нысандарына да залал келген. Кей тұрғындардың сөзінше, өткен түннен бері оларға ешқандай көмек болмаған. Ал, бұған дейін жергілікті билік өкілдері, шаһарда су сору жұмыстары жүріп жатыр деп хабарлаған болатын. Әкімдіктегілер біздің арнаға да сұхбат беруден бас тартты. Сөйтіп, табиғаттың тосын мінезінен зиян шеккен қалалықтар, жаңбыр суының  салдарын өз күштерімен жойып жатыр. 

Эльмира Қалқамбаева, қала тұрғыны:

- Біз басында өз бетімізше суды шығарамыз деп ойлағанбыз. Бірақ көмек керек болған соң, құтқарушыларға хабарластық. Алайда олар бос машина жоқ, - дейді. Кейіннен ассенизаторларға жүгіндік. Бірақ, олардың қызмет ақысы өте қымбат екен. Ал, әкімдіктен ешқандай қайыр болмады. Өзіміз амалдап жатырмыз.

Марат Мақашев, қала тұрғыны:

- Үйімізді толық су басып қалды. Бөлмелердің барлығын, тіпті, жаздық үй мен моншаға су кірді. 112-ге хабарласып едік, олар 109 қызметіне сілтеді. Олар болса, күтіңіздер, қоңырау өте көп, - дейді. Міне, содан бері әлі күтіп отырмыз. Қалада суағарлар дұрыс жасалса, мұндай жағдай болмас еді.