«Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауыты 5 жарым миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді

Еске сала кетейік, 11 шілде күні кәсіпорында арнаулы сорғы істен шығып, Тараз қаласын түтін басқан еді. Біршама адамның тамағы ұстап, басы ауырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экологтар ауа қабатына тексеріп, фторлы сутектің мөлшерден 7,5 есе артқанын анықтады. Одан кейін Елорда, Шымкент және Қарағанды облысының мамандары келіп он күндік жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде зауыттан шыққан күкірт триоксиді 18 минут бойы ауа қабатына тарап, бір тоннадан астам күкірт триоксидін шығарғанын айғақтады. Мамандар бес бірдей заң бұзушылық болғанын растады. Енді бұл кемшіліктер 26 тамызға дейін жойылуы керек. Олай болмаған жағдайда зауыт жұмысын тоқтату бойынша қатаң шаралар қабылданады.

Арсен Латыпов, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Қалдықтың таралғаны туралы хабарлаған жоқ. Біз ауаға бір тоннаға жуық күкірт триоксиді бөлінгенін анықтадық. Зауыттағы техникалық кемшіліктерді қауіпсіздік журналына тіркемеу, технологиялық тәртіпті қадағаламау сынды қателіктер көп. Мәселен кейбір фланецті жалғанған тұстардан газ, қышқыл, күкірт сияқты сұйықтық тараған. Сондықтан аталған заң бұзушылықтар үшін компания жауапкершілікке тартылды.