Ақтөбе облысында автокөлік ішінен тапанша табылды

Ал Түркістан облысында екі жеңіл автокөлік соқтығысып, төрт адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбе облысының полицейлері кезекті тексеріс кезінде автокөлік ішінен тапанша тапты. 30 жастағы күдіктіден травматикалық атыс қаруы мен екі патрон тәркіленді. Оны жүргізуші орындығының астына жасырып қойған. Қазір аталған жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан облысына қарасты «Шымкент – Бадам – Арыс» тас жолының бойында екі жеңіл көлік соқтығысты. Сарыарық ауылының маңындағы жол-көлік оқиғасының салдарынан төрт адам көз жұмды. «ВАЗ-21 0 99» автокөлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы оқиға орнында жан тапсырса, «Lada Priora» маркалы автокөліктің жолаушысы ауыр жарақатынан ауруханада қайтыс болды. Аталған жағдайға байланысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

ЖҮК КӨЛІКТЕРІ СОҚТЫҒЫСТЫ

Қарағанды облысына қарасты Теміртау маңында да жүк көліктері соқтығысып, екі адам көз жұмды. Алдын-ала болжам бойынша самосвал жүк көлігін тізгіндеген 33 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіндегі ГАЗ-53 жүк көлігіне соғылған. Жол апатынан осы көліктің 38 жастағы жүргізушісі мен 21 жастағы жолаушысы оқиға орнында қаза болды. Тағы бір жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемелердің біріне жеткізілді. Облыстық ПД баспасөз қызметі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. 

ІШІМДІККЕ ТОЙЫП АЛЫП, БИІКТЕН СЕКІРМЕК БОЛДЫ

Ақтауда тоғызыншы қабаттан секірмек болған тұрғынның әрекеті жергілікті жұрттың үрейін туғызды. Бейнежазбадан балконның қоршауына шығып алып, теңселіп тұрған адамды көруге болады. Куәгерлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматтың ішімдікке сылқия тойып алғанын жеткізді. Абырой болғанда, лезде көмекке келген көршілері оны ажалдан аман алып қалды.

МАСАҢ КҮЙДЕГІ АДАМ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРДІ

Маңғыстау облысында да мас адам жол ортасына көлденең жатып алып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Полиция қызметкерлері Бейнеу ауданының тұрғынын тауып, ессіз қылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған түсіндірме жұмысын жүргізіп, 9 мың теңге көлемінде айыппұл салды.