Ақтауда полицейді пышақтап өлтіріп кетті

Ақтауда полиция қызметкерін пышақтап кетті. 17–шағын ауданда тіркелген оқыс жағдайдан жәбірленуші ауруханада есін жимастан көз жұмды.

Маңғыстау облысының полиция департаменті оқиға түнгі уақытта болғанын мәлімдеді. Қазір әлеуметтік желіде марқұм мен күдіктінің суреттері, сондай-ақ куәгерлердің бейнежазбалары тарап жатыр. Қаза тапқан 26 жастағы полиция қызметкері еңбек демалысында жүрген екен.

Жаннұр Таңатарова, облыстық ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі басшысының м. а.:

- Жедел іздестіру шаралары барысында 27 жастағы күдікті анықталып ұсталды. Аталған дерек Ақтау қаласы Полиция басқармасына сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлігі, (кісі өлтіру) бойынша тіркелді. Сот медициналық сараптама тағайындалды.

Петропавлда аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тасымалымен айналысып келген 22 жастағы күдіктіге сот үкімі шықты. Ол 11 жылға темір торға тоғытылды. Сондай-ақ бойжеткен қызға есірткі тәуелділігінен мәжбүрлеп емделу ісі қоса тағайындалды. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай қылмыспен айналысқаны үшін жиырма екі адам сотталды. Оның он екісі, жиырма бес жасқа толмаған жастар.

Руслан Үмбетов, СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

- Жыл басынан бері 123 есірткі қылмысы тіркелді. Өткізу бойынша 45 факт анықталды. 133 келі түрлі есірткі заттары оның ішінде 1,5 кг-нан астам синтетика алынды.

Мас күйде көлік тізгіндеген 

Елорда да соңғы үш күннің ішінде масаң күйде көлік тізгініне отырған 31 жүргізуші полицияға жеткізілді. Тәртіп бұзушылардың автокөліктері айып тұрағына қойылып, өздері он бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан жеті жылға шектелді. Тәртіпке бағынбағандар полиция қызметкерлерінің «Қауіпсіз жол» жедел алдын - алу іс-шарасы кезінде қолға түсті.

Түрмеге телефон кіргізбек болды 

Маңғыстау облысының тұрғыны тергеу изоляторындағы танысына телефон алып өтпек болды. Өлшемі сіріңке қораптарындай шағын үш мобильді байланыс құралы тез дайындалатын құрғақ кеспе ішіне жасырылған.  Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 172/10 мекемесінің өкілдері сәлемдеме жолдамақ болған азаматтың қулығына алданбады. Енді күдікті 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді, әйтпесе әкімшілік қамауға алынады. 

Алматыда полицей қызметтік көлігімен әйелді қағып кетті

Алматы қаласының полицейі қызметтік көлігімен әйелді қағып кетті. Салдарынан ауыр дене жарақатын алған 49 жастағы жәбірленуші оқиға орнында жан тапсырды. Күдіктінің патрульдік полиция полкінің 1993 жылы туған кызметкері екені белгілі болды. Аталған жағдайға қатысты тергеп тексеру жұмыстары басталып, сараптама тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.