Алматы тұрғыны алаяқтарға бір миллион теңгесін банк арқылы аударып жіберген

Алаяқтардан амал артылмай отыр. Алматылық ерлі-зайыпты қолданылған заттар сататын сайттан тұрмыстық техника мен жиһаз сатып аламын деп алаяқтарға бір миллион теңге ақшасын банк арқылы аударған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әккі алаяқтар жалған төлқұжаттарының суретін жіберіп сендіреді. Қалалық полиция департаменті өкілінің айтуынша, Алматыда жыл басынан бері интернет алаяқтардан зардап шеккендерден 1400 арыз тіркелген. Тоңазытқыштары бұзылып қалған отбасы тиімді бағада тұрмыстық техника сатып алмақ болып, жарнама сайтқа жүгінеді. Ұнаған бұйымын тапқан соң жарнама берушіге хабарласып, сатып алмақ ниеттерін жеткізеді. Тісқаққан қулар, тағы басқа жиһаздарын сататынын айтып, тұтынушының тамырын басып көреді. Алаяқтардың теріс пиғылдары іске асып, бір миллион теңгені қағып алған.

қала тұрғыны:

– Әскери адамбыз, подполковникпін, әйелім полицияда жұмыс істейді, дәл қазір көшіп бара жатқан едік, қызмет бабымен, сондықтан, қажет болса документтерін бәрін жіберейін сіздерге, сіз бізден күмәнданып қалмаңыз деп паспортын, жеке куәлігін, әйелінің фотосын, әйелінің куәлігін, қызметтік куәлігін – бәрін жібереді.

Алаяқ Тараз қаласынанмын деген. Тіпті заттарды жүк көлігіне тиеп, жолға шыққанын айтып, фото-видеолар жібереді. Мұны көрген ерлі-зайыпты сеніп, сұраған ақшаны банк арқылы салып жіберген. Өкінішке қарай, ақша да жоқ, зат та жоқ. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

Негізі интернет алаяқтықпен айналысатын азаматтар күнделікті жаңа тәсілдерді ойлап тауып жатыр. Жылдың басынан бері 1400 дерек тіркеліп, оның 70 проценті ашылды. Негізі полицияның осындай қылмыстарды ашуға барынша мүмкіндігі бар. Жаңа технологияларды пайдаланып, ашып жатады.

Цифрлық технологияның мүмкіндігін теріс пиғылда пайдаланып жүрген алаяқтар адамдардың сеніміне кіру үшін ештеңеден тайынбайды, – дейді психолог мамандар.

Айгүл Алтайқызы, психолог:

Олардың гипноз жақтары өте мықты болады. Олар, әсіресе, алаяқтар гипноз кітаптарды көп оқиды, адам эмоциясын қалай сындыру керек, қалай оны қалай қақпанына түсіру керек сондай кітаптармен көп айналысады.

Сайтта бір алаяқ бірнеше жарнама беріп, түрлі телефон номерлерін көрсетіп қояды және олар тек WhatsApp желісі арқылы ғана байланысқа шығып, міндетті түрде өзінің басқа қаладан екенін айтады. Мұндай жағдайда тұрғындар сақ болып, байланысты үзгені жөн, – дейді полиция өкілдері.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев