Үй қамауындағы елорда тұрғыны қайтадан ұрлық жасап ұсталды

Бұған дейін полицияға дүкен әкімшілігі Қабанбай батыр даңғылындағы супермаркеттен 120 мың теңге көлеміндегі жеке гигиена құралдарын ұрлау фактісі бойынша жүгінген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елорданың 26 жастағы тұрғыны сериялық ұрлық жасағаны үшін «үй қамауында» болған. Алайда дұрыс жолға түспей, бұрын сотты болған жігіт ескі әдетіне салып, қайта ұрлық жасауды бастаған. Бұл жолы ол қаланың басқа ауданында, яғни Қалдаяқов көшесінің бойында орналасқан супермаркетке барған. Күдікті азық-түлік дүкеніне сатып алушы кейпінде кіріп, сөреден құны шамамен 60 мың теңге тұратын «Macallan» маркалы қымбат вискиді ұрлап алып, күртешесінің астына салып, дүкеннен шығып кеткен.

Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ұсталған жігіт осыған ұқсас үш ұрлық жасады деген күдікке ілініп, оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды