Бұл туралы ҚАЖК баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Бекет бақылаушысы тергеу-қамауға алынған Ж. Халықұлын таңғы сағат 7-де тапты. Мекеменің кезекші ауысымы дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қабылданған шараларға қарамастан, оны құтқару мүмкін болмады. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы механикалық асфиксия нәтижесінде қайтыс болғанын анықтады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы, прокуратура өкілдері мен облыстық ҚАЖД басшылығы келді. Басқа ұсталғандармен әңгіме жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесінде оған қатысты заңсыз іс-әрекеттер дерегі анықталған жоқ», – делінген хабарламада.
Қазір облыстық департамент қызметкерлері қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр, оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Еске салайық, мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2009-2016 жылдары Алматы және Ақмола облыстары Ішкі істер департаменттерін басқарған полиция генерал-майоры Жайлаубек Халықұлын әшкерелеген болатын.