Оралда кәсіпкерді өлтірген күдікті мен сыбайласы ұсталды

Оралдық кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтірді деп айыпталған күдіктілер ұсталды.

Бұл ақпаратты облыстық ішкі істер департаменті растады. Құзырлы орган әзірге өзге ақпарат таратқан жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерге қастандық жасалған сәттің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Онда 49 жастағы Еркін Мұханғалиевтің екі жігітпен дәмханада сөйлесіп отырғаны таспаланған. Кейін қос тараптың арасында жанжал туындап, екі жігіттің бірі кәсіпкерді пышақтап тастады. Осыған қарамастан ол терезеден шығып үлгіреді. Бірақ күдіктілер көшеде тағы бірнеше рет пышақтайды. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Бейнетаспа Facebook қолданушысы Азамат Сарсенбаевтың парақшасында жарияланды. Алдын ала болжам бойынша жанжал қордаланған қарызға байланысты туындауы мүмкін.

Лунара Аманғалиева, БҚО ПД Баспасөз қызметінің жетекші маманы:

- Қазіргі уақытта ҚР ҚК 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Айта кетейік, аталған азаматтың деструктивті діни ағымдарға қатысы анықталған жоқ. Күдікті кәсіпкердің қарамағында жұмыс істеген. Уақытылы оның айлық жалақысы төленбегені үшін араларында жанжал басталған.