ШҚО-да жарты ауыл ауыз суды тасып ішеді

Барашки ауылындағы су құбыры 2014 жылы жөнделген. Алайда елді мекендегі екі көше мен 40-қа жуық үй орталықтандырылған су жүйесіне әлі қосымаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті әкімдіктен қайран болмаған соң тұрғындар өз бетімен әрекетке көшіпті.

Шамасы бар тұрғындар осылай амалдап жүр. Жағдайы жоқтар суды қол арбамен алыстан тасуға мәжбүр.

Бірінші топтағы мүгедек Нұрбек Базаев амалдың жоқтығынан үй жанындағы құдыққа қолдан құбыр жалғапты. Бұл әдіс жазда ғана жарамды екен.

Нұрбек Базаев, ауыл тұрғыны:

- Су жоқ бізде. Су мәселесін шешсе алғысымызды айтар едік.

Аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары бұл мәселеден бейхабар болып шықты. «Ауылдағы су құбыры жұмыс істеп тұр. Құжаттары түгел, желі елді мекендегі суға жауапты мекеменің қарауына берілген, - дейді.

Анастасия Тиц, аудандық ТҮКШ, Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:

- Су құбырының жобасын құрылыс бөлімі дайындаған. 2014 жылы жүзеге асырылған. Су бар. Ешқандай мәселе жоқ.

Облыстық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сүйенсек, Шығыс Қазақстан тұрғындарының 97 пайызы орталықтан­ды­рылған ауызсумен қамта­ма­сыз етілген. Биыл құны 22 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба іске асырылады деп жоспарланған. Сандар осылай сөйлейді. Ал тұрғындар сан мен сапа сай келсе дейді.

Авторлары: Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабаханов