Әйел мен екі баланың өлімі: тың дерек анықталды

Алматының ықшам аудандарының бірінде болған әйел мен екі баласының өліміне қатысты тың деректер анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық прокуратура өкілі марқұмдардың зорлықпен өлтірілгенін хабарлады. Олардың денелері 6 тамыз күні пәтерден табылған. Бұған дейін әлеуметтік желілерде 34 жастағы әйелдің, екі жасар ұлы мен жеті жасар қызының мәйіттерін алғаш болып іссапардан оралған отағасы байқағаны туралы хабар тараған еді. Қылмыстың мән-жайын анықтау үшін тергеу тобы құрылған болатын. Бүгін прокуратура ресми мәлімдеме жасады.     

Бауыржан Төлендинов, қалалық прокуратураның ресми өкілі:

- Оның аясында тергеу және жедел іс-шаралардың барлық кешені жүргізілуде. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Бейнематериалдар зерттеліп, куәгерлерден жауап алынды. ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері қазіргі таңда жария етуге жатпайды. Қылмыстық істің тергелуі қала прокуратурасының ерекше бақылауына алынды.