Орынбасары істі болған Екібастұз әкімі отставкаға кетті

Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев қызметінен босатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін ол қызметкері Бауыржан Ахметовқа қатысты сот үкімі күшіне енгеннен кейін лауазымынан кетуге бел буды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Қаңтарбаевтың отставкасын қабылдады.

Естеріңізге салайық, ол Екібастұз қаласы әкімінің қызметін 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап атқарған еді. Ал биыл оның орынбасары Бауыржан Ахметов пен жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің екі қызметкері пара алғаны үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тергеу кезінде бұл азаматтар  абаттандыруға  жауапты мердігерлерден 2 миллион теңге алғаны белгілі болды.