Ақтөбеде анасын өлтірді деп айыпталғандар сотталды

Ақтөбеде анасын өлтірген қылмыскерлерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қанды оқиға биыл сәуір айында болған. Полицейлер 16 жастағы оқушы қыз бен оның кәмелетке енді толған жігітін «адам өлтірді» деп тұтқындаған болатын. Алайда соттың отырысы кезінде бозбала пышақты қолына алмағандығын айтып ант-су ішті. Бірақ тағайындалған бірнеше сараптама екеуінің де кінәсін дәлелдеп отыр. Тергеу кезінде жәбірленушіге бірнеше рет пышақ сұққандығы белгілі болды. Пәтерде болған жанжалдың арты төбелеске ұласып, айыпталушы сүйіктісінің анасының кеуде тұсынан пышақпен қасақана ұрған. Кейін қыз бала да анасына бірнеше рет пышақ салған. Оқиға орнында тіл тартпай кеткен марқұмның денесін балконға шығарып, иісін жасыру үшін көрпе-кілеммен бүркеп, үстінен сірке суы мен сода құйып отырған.

Гүлжанар Отарбаева, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

– Сотталушы Көлжан кінәсін ішінара мойындап, оған ақтау үкімін шығаруды сұрады. Сотталушы Сарина кінәсін толық мойындады. Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, Көлжанға 15 жыл, Саринаға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.